Біздің ел Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан және Үндістанды қосатын ТАПҮ газ құбыры жобасына қатысуға ниетті. Бұл туралы бизнес форумында ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Айтуынша, қазір Түркіменстанмен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
"Егер қазақстандық компания бұл жобаға сәтті кірісетін болса, бұл біздің елдеріміздің газ саласындағы ынтымақтастығына жаңа перспективалар ашады. Сонымен қатар, Қазақстанда жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы қабылданды, оған сәйкес электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2030 жылға қарай 15%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға (баламалы энергия көздерін қоса алғанда) жетеді", – деді ол.
Қазір Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің 139 нысаны жұмыс істейді.
"Министрлік 5 жылдық мерзімге жаңартылатын энергия көздері жобаларын таңдау бойынша аукциондар кестесін әзірлеген. Аукционға шығарылған қуаттылықтың жалпы көлемі 2027 жылға дейін 6,7 ГВт-тан астам болды. Біз Ауғанстаннан келген әріптестерімізбен жаңартылатын энергия көздері бойынша аукциондар өткізудегі тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз", – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.