Қазақстан Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстанға астық экспортын арттырды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, Өзбекстанға астық жеткізу көлемі 8,8%-ға өсіп, 1,39 млн тоннаға жетті. Тәжікстанға экспорт 9,6%-ға артып, 417 мың тоннаны құрады. Қытайға астық жеткізу 1,8 есе өсіп, 436 мың тоннаға, ал Ауғанстанға экспорт 1,6 есе артып, 632 мың тоннаға жетті.
Жалпы, биыл астық пен астық баламасына шаққандағы ұн экспортының көлемі 16 млн тоннаны құрады. Өткен маусымда бұл көрсеткіш 15,3 млн тонна болған.
Экспорттың өсу үрдісі биыл да жалғасып отыр. Қыркүйектен 10 қарашаға дейін 3,28 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға көп.
"Біздің міндетіміз – дәстүрлі нарықтардағы орнымызды нығайту, жаңа өткізу нарықтарын игеру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өнім өткізудің тұрақты әрі болжамды жағдайларын қамтамасыз ету", – деді Айдарбек Сапаров.