Қазақстан +7 телефон кодын өзгеріссіз қалдырады

360

Қазақстан +997 кодынан бас тартты.

Қазақстан +7 телефон кодын өзгеріссіз қалдырады Фото: Inbusiness.kz

Цифрлық даму министрлігі жаңа кодқа көшуге болатынын, бірақ қаржылық және технологиялық проблемалар туындайтынын айтуда, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Қазақстан мен Ресейдің байланыс ведомстволары арасында жасалған "Дүниежүзілік нөмірлеудің 7-аймағының нөмірленуін пайдалану туралы" 2006 жылғы 17 маусымдағы келісімге сәйкес, Қазақстан қазіргі уақытта Ресей Федерациясымен бірлесіп "+7" интеграцияланған халықаралық кодын пайдаланады. Жеке кодты алу мақсатында 2021 жылы Қазақстан +997 халықаралық телефон кодын резервке қойды. Байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін пысықтауда жаңа кодқа көшуге болатыны, бірақ бірқатар қаржылық және технологиялық проблемаларға әкеп соқтыратыны айтылды", - деп жазылған Цифрлық даму министрлігінің ресми жауабында.

Сонымен қатар, отандық байланыс операторларының барлық абоненттеріне мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілерді және түрлі қосымшаларды алу үшін барлық сервистерде өз деректерін жаңарту қажеттілігі туындайды. Тиісінше, өтпелі кезеңде сәтсіздіктер мен жағымсыз тәжірибелер ықтималдығы жоғары.

"Сондай-ақ, министрлік халықаралық телекоммуникация одағымен қайта келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгертпей қалдыру туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігімен Ресей Федерациясының үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасында дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағының нөмірін пайдалану туралы жаңа келісім жасау мәселесі пысықталды. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік органдармен және мүдделі тараптармен келісілген. Келісу нәтижелері бойынша жоба Ресей Федерациясындағы дипломатиялық арналар арқылы жіберілді", - дейді ведомство.

Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы жағында мемлекетішілік қайта келісу рәсімдері жүріп жатыр.

Әрі қарай жобаны келісу туралы Ресей Федерациясының нотасын алған соң келісімге қол қою және қабылдау жұмыстары жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу