Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кодты талап етіп, ол бізге берілді. +997 коды резервте тұр. Бірақ азаматтарымыздың шағымын ескере отырып, +7 кодынан неге кетуіміз керек деген сұрақ туындады. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Кеңес үкіметі ыдыраған кезде +7 коды Ресейде қалды. Содан кейбір мемлекеттер шыға бастады. Бірақ біздің еліміз Ресей Федерациясымен ведомствоаралық келісімге қол қойып, +77 Қазақстанға тиесілі", - деді ол тілшілердің сауалына берген жауабында.
Бағдат Мусин бұл ведомствоаралық құжат екенін баса айтты.
"Екі тараптың біреуі бұл келісімшарттан бас тартамын десе, жарты жылдан аспай екінші тарапқа хабардар ету керек және бұл келісімшарт бұзылады. Яғни, біздің кодсыз қалуымыз мүмкін еді. Сондықтан осы мәселені қайта талқылап, Ресеймен бір мәмілеге келдік. Ол келісімшарт үкіметаралық болып, екі ел Парламентінің ратификациясынан өтеді. Одан соң, бас тарту тармағы алынып тасталады. Бізге +77 коды өзімізге қалдырып, оны мемлекетаралық деңгейдегі келісімшарттарда бекітетін боламыз", - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.