Қазақстан АЭС құрылысы бойынша америкалық компанияның ұсынысын қосымша зерделеп жатыр

208

Қазір 4 әлеуетті жеткізуші компания шорт-тізімге енді.

Қазақстан АЭС құрылысы бойынша америкалық компанияның ұсынысын қосымша зерделеп жатыр Фото: inbusiness.kz

Бүгінде Қазақстан шағын модульді реактор шығаратын АҚШ-тың NuScale компаниясының ұсынысын қосымша қарастырып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "ҚазАтомЭкспо" халықаралық ядролық энергия көрмесінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір төртеуі алдын ала квалификациядан өтті. Қосымша NuScale-дің ұсынысын қарастырып жатырмыз. Бұл америкалық технология бойынша шағын модульді реактор шығаратын компания. Түпкілікті шешім референдумнан кейін ғана қабылданатын болады", - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.

Сөзінше, вендерлік компанияға қойылатын талаптардың қатарында реактордың қауіпсіздігі, 3+ реактордың болуы, жұмыс істеген сағат саны, шетелде жұмыс істеу тәжірибесі, электр энергиясының бағасы бар. 

"Әзірге тек бір АЭС-тың құрылысы бойынша айтып отырмыз. Алайда Қазақстан аумағын қарайтын болсақ және көміртегі бейтараптығы туралы айтсақ, онда келешекте, яғни 2040 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізгіміз келсе, атом энергетикасына балама жоқ. Елімізде атом электр станциясын салуға келетін екі алаң белгіленді. Бірі – Балқашта, екіншісі – Курчатовта", - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Ол қазір шағын модульді реакторлардың технологиясы дамып жатқанын жеткізді. 

Айтуынша, АЭС салуда қауіпсіздік маңызды рөл атқарады. Оны жобалау, құрылыс, эксплуатация – әр қадам жіті бақыланады.

Айта кету керек, қазір 4 әлеуетті жеткізуші шорт-тізімге енді. Оның қатарында қытайлық CNNC, оңтүстік кореялық KHNP компаниясы, ресейлік Росатом және француздық EDF компаниясы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу