Қазақстан аймақтағы озық технологияның көшін бастап келеді. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куо айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
“Біз Қазақстанның жас мемлекет ретінде өркендеуі үшін өзінің бай мұрасының тілдік және мәдени дәстүрлерін қабылдап, оларды ХХІ ғасырдағы Қазақстанның жаңашылдығына үйлестіреріне бек сенімдіміз. Осының нәтижесінде қуаты, егемендігі, демократиясы артқан Қазақстан екі елге де игілік әкеліп, Орталық Азияның күшті, тұрақты, әрі бейбіт бола беруіне жол бастайды”, - деді Джуди Куо.
Биылғы QazaqForum-ның тақырыбы – "Болашақтың дидары. Жаңа технологиялар және медиа".
“Бүгінде біз бірнеше жыл бұрын елестете алмайтын технология түрлерін қолданып жатырмыз. Ал Қазақстан аймақтағы озық технологияның көшін бастап келеді. Жасанды зият, машинаны үйрету және ауқымды тіл модельдері секілді салаларда, әсіресе қазақ тілінде жаңашылдық жасап жатқан жас көшбасшылар, кәсіпкерлер мен инженерлер маған керемет әсер қалдырды”, - деді АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі.