Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп атом энергетикасы саласына кадрлар дайындайды

111

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары азаматтық атом энергетикасы саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді.  

Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп атом энергетикасы саласына кадрлар дайындайды Фото: www.atomic-energy.ru

АҚШ Мемлекеттік департаментінің шағын модульдік реактор (SMR) технологиясын жауапты пайдалану инфрақұрылымын дамытуға арналған FIRST бағдарламасы аясында елімізде бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Ядролық физика институтына америкалық Holtec International мен WSC Inc. (Curtiss-Wright компаниясының еншілес кәсіпорны) компаниялары ұсынған шағын модульдік реактордың оқу-сыныптық симуляторы орнатылады.

Жобаны Халықаралық ғылым және технология орталығы (ISTC) іске асырады. Бұл симулятор Орталық Азия өңіріндегі SMR технологияларын қауіпсіз әрі сенімді енгізуге бағытталған аймақтық оқу-тренинг орталығы қызметін атқарады.

Жаңа оқу базасы атом энергетикасы саласына қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын болады. Ол ядролық қауіпсіздік, сақтық пен таратпау талаптарының ең жоғары стандарттарына сай келетін сенімді жеткізушілермен бірлесе отырып, америкалық SMR технологияларын енгізу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

FIRST бағдарламасы АҚШ-тың ядролық энергетика саласындағы жетекші компаниясы Sargent & Lundy-мен әріптестікте біздің елде шағын модульдік реакторларды орналастыру мүмкіндіктерін зерттеуге арналған техникалық-экономикалық негіздеме (feasibility study) жобасын бастады. Зерттеу барысында еліміздің әлеуетті алаңдарына лайықты америкалық SMR нұсқаларының қысқаша тізімі айқындалатын болады.

Айта кетейік, Қазақстан FIRST бағдарламасының белсенді серіктесі ретінде 2022 жылдан бері қатысып келеді және бұл бағдарлама бойынша Орталық Азиядағы алғашқы әріптес ел саналады. 2019 жылы іске қосылған FIRST бастамасы әлем бойынша шағын модульдік реакторларды ең жоғары ядролық қауіпсіздік, қорғаныс пен таратпау талаптарына сай енгізуді жеделдетуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу