Қазақстан АҚШ-қа Ақтау мен Құрық порты арқылы өтуге келісім берді

702

Қазақстан АҚШ-қа Ақтау мен Құрық порты арқылы өтуге келісім берді

Сенатта АҚШ-тың Ауғанстан тұрақтылығы мен қайта қалпына келтіру жөнінде іс-қимылға қатысуына байланысты Қазақстан арқылы жүк тасымалдауға қатысты хаттаманы ратификациялау туралы заң қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев 16-18 қаңтардағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында мемлекет басшылары қазақстандық-америкалық қарым-қатынастарды кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жоғарылату туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағанын атап өтті. 

"Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру Вашингтонның сыртқы басымдықтарының бірі болып саналады. Сондықтан Вашингтонда өткен келіссөздер барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі бойынша уағдаластыққа қол жеткізілген болаты", — деп баяндады вице-министр. 

2010 жылдың  маусымында АҚШ-тың Ауғанстанды тұрақтандыру және қайта қалпына келтіруге қатысуына байланысты Қазақстан Республикасы мен АҚШ үкіметтері арасында еліміздің аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылған. 

Сонымен қатар, 2010 жылдың  қарашасында қол қойылған Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы АҚШ-тың Ауғанстанды тұрақтандыру және қалпына келтіруге қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісім бар. Өткен жылы америкалық тарап Ауғанстанға арнайы жүктерді тасымалдау бағытына өзгерістер енгізу туралы өтініш білдірді. Атап айтқанда, америкалық тарап Солтүстік тарату желісіне Ақтау және Құрық порттарын енгізуді ұсынды. Оларға арнайы жүктерді Әзербайжаннан Каспий теңізі арқылы Қазақстанға және одан әрі теміржолмен Сарыағаш-Келеc немесе Бейнеу-Қарақалпақстан арқылы Өзбекстанға және Ауғанстанға жеткізу мүмкіндігін береді.

Оның айтуынша, қол қойылған хаттама келісімнің шын мәнін өзгертпейді. Ақтау және Құрық порттары өткізу пунктерінің тізімін толықтырады. 

"Желінің қызмет етуі АҚШ-пен стратегиялық әріптестік және Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуды қалайтын ел ретінде Қазақстанның мүддесіне толықтай сәйкес келеді. Сонымен қатар мамандардың пікірінше, Солтүстік тарату желісі Орталық Азия транзиттік жүйесін дамытуға жағымды әсерін тигізеді әрі еліміздің логистикалық инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді", — деді Ашықбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу