Премьер-министр Олжас Бектенов баяндамасында елдегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті кең ауқымда енгізудегі жаңалықтарға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Үкімет әлеуметтік қорғау, экология, төтенше жағдай, өнеркәсіп салаларындағы үлкен деректер негізінде шешім қабылдау үшін жасанды интеллектті қолдана бастады.
Биыл мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде азаматтарға нақты жағдайда қалай әрекет ету керектігін қарапайым тілмен түсіндіріп беретін және тиісті мемлекеттік қызметтерді ұсынатын виртуалды көмекшіні толық іске қосамыз.Жасанды интеллекттің "KazLLM" алғашқы тілдік моделін жасап шығардық. Бүгінде оны үздіксіз машықтандыру жалғасуда, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол президент тапсырмасы бойынша 2025 жылы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылатынын сүйіншіледі.
– "AI-Sana" бағдарламасы аясында биыл 100 мың студент экономика салаларына жасанды интеллектті енгізудің қолданбалы дағдыларына оқитын болады.
20 жоғары оқу орнының базасында жасанды интеллект бойынша мамандар даярлау қолға алынды. "Болашақ" бағдарламасы бойынша жеке квота енгізілді.Astana Hub табысты стартап-жобаларды дайындайтын тиімді алаңға айналды. Бүгінде мұнда 1600 IT-компания тіркелген.
Мысал ретінде, Alaqan жүйесін айтуға болады. Ол қолданушыларды алақан ізі бойынша анықтауға мүмкіндік береді. Жоба қазірдің өзінде 300 мектепте қолданысқа енгізілді, жуырда Үкімет ғимаратында орнатылды.
Осы жылдың бірінші жартысында 6 елге: Сауд Арабиясы, Сингапур, Кувейт және басқа да мемлекеттерге экспортқа шығару жоспарлануда, – деп сөзін жалғастырды Премьер-министр.
Негізінен, тағы бір стартап – жасанды интеллект негізінде мәтіннен видео жасауға және өңдеуге арналған Higgsfield AI жобасы. Жоба 100 млн долларға бағаланып отыр.
Балаларды бағдарламалауға үйрететін Codiplay жобасы қазірдің өзінде әлемнің 13 еліндегі мектептерде қолданылуда. Олардың ішінде Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания, Катар және тағы басқа елдер бар. Аталған жоба да 100 млн долларға бағаланған.
Үкімет басшысының сөзінше, Grand Mobile, CITIX, CEREBRA, OGames, Parqour, ApartX сияқты басқа да табысты қазақстандық жобалар Қазақстанның бұл бағытта әлеуеті басым екенін көрсетеді.