Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті елдері тізіміне енді

137

Бұл туралы Швейцарияның IMD World Competitiveness Center орталығының жыл сайынғы зерттеуінде айтылған.  

Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті елдері тізіміне енді Фото: toppress.kz

Қазақстан халықаралық экономикалық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 38-орынға орналасты. Ел 65,4 балл жинаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Зерттеуде әлемнің 70 мемлекеті экономикалық ахуалы, мемлекеттік басқару сапасы, бизнес тиімділігі және инфрақұрылымы бойынша сараланған.

Қазақстанның жекелеген бағыттардағы нәтижесі мынадай:

экономикалық көрсеткіштер – 57-орын;

мемлекеттік басқару тиімділігі – 23-орын;

бизнес тиімділігі – 23-орын;

инфрақұрылым – 43-орын;

жалпы ішкі өнім көлемі – 44-орын.

Былтыр Қазақстан бұл рейтингте 34-орында болса, 2022 жылы 43-сатыдан көрінген.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстан аталған рейтингке енген жалғыз мемлекет болды. Жаһандық тізімде ел Испания, Португалия, Польша, Италия және Аргентинадан жоғары тұр.

Рейтингтің көшін Сингапур бастады. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Гонконг, Швейцария, Тайвань, Біріккен Араб Әмірліктері, Дания, Ирландия, Нидерланд, Швеция және АҚШ кірді.

Зерттеу дерегіне сәйкес, Қазақстан халқының саны 20,4 миллион адамға жетіп, бұл көрсеткіш бойынша 32-орынға жайғасқан. Жұмыссыздық деңгейі 4,6% болып, ел 31-орында тұр. Ал инфляция 11,4% деңгейінде тіркеліп, Қазақстан осы көрсеткіш бойынша 65-сатыға орналасты.

Айта кетейік, бұған дейін S&P Global Ratings Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін "BBB" деңгейіне дейін көтерген еді. Бұл – елдің 2016 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіші. Агенттік мұндай шешімге Қазақстан экономикасының тұрақтылығы, инвестициялық әлеуеті және қаржылық қорларының жеткіліктілігі әсер еткенін атап өткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу