Қазақстан алғаш рет "Балалар Еуровидениесіне" қатысады

544

Қазақстан алғаш рет "Балалар Еуровидениесіне" қатысады

2018 жылғы 25 қарашада Минскте "Евровидениенің" аналогы - Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауы өтеді, оған 9 жастан бастап 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатысады. Қазақстан байқаудың 15 жылдық тарихында алғаш рет қатысқалы отыр, деп хабарлайды ortcom.kz.

Қазақстанның аумағында байқауды "Хабар" телеарнасы көрсетеді. "Хабар" агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі, осы мүшелік аталған байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға ықпал етті.

 "Қазақстанның қатысуы жөніндегі келіссөздер ұзақ уақыт жүргізіліп келді, "EBU" шешімі соңғы сәтке дейін белгісіз болатын. "Хабар" "EBU" қауымдасқан мүшесі болуына қарамастан, осы тектес ауқымды халықаралық іс-шараларды техникалық жабдықтау, телевизиялық толтыру және трансляциялау тәжірибесі бойынша белгілі бір талаптарға сәйкес келуі қажет болды. Осы атақты байқауға еліміздің қатысу мүмкіндігі пайда болғанына қуаныштымыз. Қазіргі сәтте біздің агенттік пен ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігі біздің елде іріктеу жүргізудің бірнеше нұсқасын қарастыруда, әрбір талантты баланың қатысуға мүмкіндігі болуы үшін барынша оңтайлы нұсқа ойластырылуда. Бәрі жақын арада айтылатын болады", - дейді "Хабар" агенттігінің басқарма төрағасы Алан Ажибаев.

Шарт бойынша байқауға қатысушылар жаңа, еш жерде жарияланбаған ән орындауы, сондай-ақ ұзақтығы 2 минут 45 секундтан бастап 3 минутқа дейінгі өз композициясын жанды дауыспен айтуы қажет.

Жеңімпаз телекөрермендердің және құрамына 5 адам (үш ересек және екі бала) кіретін, барлық қатысушы елдерден құралған қазылар алқасының дауыс беруі жолымен анықталады.

Биыл байқауға 19 ел қатысады, бұл байқау өткізудің бүкіл тарихында рекордқа айналып отыр. 19 елдің қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзірбайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстан мен Уэльс үшін биылғы қатысу дебютті болмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу