2023 жылғы 24-26 мамыр аралығында Прагада Орталық депозитарийлердің Дүниежүзілік форумы (World Forum of Central Securities Depositories – WFC) өтті.
Биыл WFC-ге 135-тен астам орталық депозитарий, ұлттық банктер, Халықаралық Валюта Қорының, Еуропалық Одақтың Орталық банкінің, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Clearstream және Euroclear халықаралық есеп ұйымдарының, қор биржаларының бірінші басшылары мен өкілдері қатысты. Іс-шараға барлығы 300-ден астам шетелдік қонақтар жиналды.
Жиында талқыланған тақырыптар: индустрияны дамытудың ұзақ мерзімді пайымы, трансшекаралық инвестициялық ағындарды ілгерілету, есеп айырысудың тиімділігі, жаһандық посттрейдинг және жүйелік тәуекел, орталық депозитарийлерді цифрлық трансформациялау, FMI және DLT-технологиялар болды.
Сондай-ақ Форумның шеңберінде WFC Кеңесінің отырысы өткізілді, оның нәтижесінде KCSD Басқармасы төрағасының орынбасары Еділ Медеу WFC Кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Бұдан басқа, AECSD жылдық жалпы жиналысында өткізілген дауыс беру нәтижелері бойынша KCSD алғаш рет 2025 жылы WFC ұйымдастырушысы болып сайланды.
"WFC – тәжірибе алмасу және озық тәжірибелер арқылы ынтымақтастықты нығайтуға арналған платформа болып табылады. Бұл жалпы саланың дамуына ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар әлемдік трендтерді белгілеуге және қаржы институттарының арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз Қазақстанда, Алматы қаласында WFC 2025 іс-шарасының өтетіндігі туралы мақтанышпен хабарлаймыз", - деп бөлісті Еділ Медеу.
Қазақстанда WFC өткізу шетелдік инвесторлар мен қаржы институттары Орталық депозитарийдің жаңа өңірлік есепке алу-есеп хабы ретіндегі қызметіне назар аударады деп күтілуде, бұл Қазақстанның халықаралық қор нарығындағы рөліне оң әсерін тигізеді.
Айта кететіні, WFC – бұл орталық депозитарийлер шешуші рөл атқаратын трейдингтен кейінгі салада тәжірибе алмасу және жаңа сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерді талқылау үшін бірегей және беделді алаң.
Дәстүр бойынша, WFC екі жылда бір рет кезекпен мынадай бес өңірлік қауымдастықпен өткізіледі: Еуразияның орталық депозитарийлер қауымдастығы (AECSD), Еуропалық орталық депозитарийлер қауымдастығы (ECSDA), Американың орталық депозитарийлер қауымдастығы (ACSDA), Африка мен Таяу Шығыстың орталық депозитарийлер қауымдастығы (AMEDA) және Азия-Тынық мұхиты орталық депозитарийлер қауымдастығы (ACG).