Қазақстан алғашқы отандық зымыранын ғарышқа ұшырмақ

240

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мәлімдеді.  

Қазақстан алғашқы отандық зымыранын ғарышқа ұшырмақ Фото: canva.com

Жыл соңына дейін Қазақстан ғарышқа өзінің алғашқы зымыран тасығышын ұшыруды жоспарлап отыр.

Оның айтуынша, зымыран ұшыру үшін қаржы бөлініп, арнайы айлақ дайындалуда. Үкімет жобаны қолдаған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

– Қазір біз өзіміздің зымыран ұшыратын айлағымызды дайындап жатырмыз. Бұл – коммерциялық бағдарлама. Егер сәтті жүзеге асса, басқа мемлекеттер де біздің зымырандарды пайдалануға мүдделі болады. Қазірдің өзінде Африка елдері мен Моңғолия қызығушылық танытып отыр. Моңғолиямен келісімшартқа қол қойылды, – деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстан болашақта ғарыш кеңістігіне ғылыми зерттеу жүргізетін төртінші қазақ ғарышкерді ұшыруды көздеп отыр.

– Ғарышкерді дайындау оңай емес. Ғылыми бағыттағы ғарышкерді даярлау үшін 7-10 жыл қажет, ал бұл шамамен 60 миллион доллар тұрады. Дегенмен, 5-10 жыл ішінде қазақтан шыққан төртінші ғарышкерді көреміз деген сенім бар, – деді ол.

Сенатор сондай-ақ Қазақстанның ғарыш саласындағы мүмкіндіктеріне тоқталды.

– Біздің жерімізде ғарыш айлағы бар, зымыран да жасай аламыз, спутник те шығарамыз. Қазір ресейлік мамандар бұл саладан біртіндеп кетіп жатыр. Біз сол орынды толтыруымыз қажет. 40 мыңға жуық азаматымыз Байқоңыр маңында жұмыс істейді, 10 мыңнан астамы ғарыш саласында. Олардың әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек, – деді Сарыбаев.

Ғарыш саласына инвестиция салу Қазақстанға үлкен экономикалық пайда әкелуі мүмкін.

– Егер осы бағытқа қаржы құятын болсақ, ол 2-3, тіпті 5 есе қайтарым беруі мүмкін. Орта Азия, Африка елдері біздің зымыран арқылы өздерінің аппараттарын ұшыруға мүдделі. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді сенатор.

Сонымен қатар, ғарышқа ұшуға дайындалып жатқан қазақ қыздарының да бар екенін айтты.

– Биыл Байқоңырдың 70 жылдығы. Осы тарихи датаға орай, ғарышқа қазақ қызының ұшуы – зор мақтаныш болар еді. Бізде Терешкова сияқты батыр қыздар бар. Олардың арасында дайындалып жатқандары да бар, – деді Ғалиасқар Төлендіұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу