Елімізде жыл соңына дейін сырттан алма әкелуге тыйым салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 1 қыркүйектегі ел аумағына алма әкелуге тыйым салу туралы №326 бұйрығы жарияланды.
"2026 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін Қазақстан Республикасының аумағына барлық көлік түрімен Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының 0808 10 тауарлық субпозициясына жататын алмаларды үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден әкелуге тыйым салынсын", – делінген құжатта.
Алайда бұл тыйымға мыналар кірмейді:
- Алмаларды Қазақстан аумағы арқылы транзитпен тасымалдау, оның ішінде тауарларды жеткізу орны Қазақстан Республикасының аумағы болмаған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан екінші мүше мемлекеттің аумағына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізу;
- Осы бұйрық қолданысқа енгізілген күнге дейін (3 қыркүйекке дейін) жөнелтуші мемлекетте экспорттың кедендік рәсіміне орналастырылған алмалар. Бұл ретте тауарлардың экспорттық декларациясы, сондай-ақ көрсетілген тауарлардың осы бұйрық қолданысқа енгізілген күнге дейін жөнелтілгенін растайтын көлік құжаттары ұсынылуы қажет. Ал тауарлар кедендік транзиттің кедендік рәсімімен тасымалданған жағдайда, транзиттік декларация ұсынылуы тиіс.
Ведомствоның бұйрығы 3 қыркүйектен бастап күшіне енді.