Келісім аясында Қазақстаннан Қытай нарығына астық, мал азығы және майлы дақылдар экспортын кеңейту көзделіп оытр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған қазақстандық делегацияның Шанхай қаласына сапары аясында сәтті басталды. Онда "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" АҚ мен Қытайдың Shandong Hi-Speed Qilu Eurasia Railway Express Co. Ltd. компаниясы арасындағы келісім жүзеге асты.
Негізінен, келісім шарттық егіншілік моделін енгізуді қамтиды. Яғни, фермерлерден өнімді егіс науқаны кезеңінде-ақ алдын ала сатып алу тетігі қарастырылған. Демек, бұл шаруаларға да қолайлы.
Қос тарап экспорт көлемін Шаньдун провинциясының теміржол инфрақұрылымын пайдалану арқылы арттыру мүмкіндіктерін талқылаған. Сонымен қатар, кедендік өзара іс-қимыл, логистика және бірлескен өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударылған.
– Қазақстан Қытай нарығына жыл сайын 3-4 миллион тоннаға дейін астық пен мал азығын экспорттау мүмкіндігіне ие.Бүгінде ең әлеуетті бағыт – мал азығы ұнын өндіру. Біз қытайлық серіктестерді тек тасымалдау саласында ғана емес, сонымен қатар бірлескен өндірістік жобалар құруға шақырамыз. Сондай-ақ, өз тиімділігін дәлелдеген контейнерлік тасымал түрін қарастыруды ұсынамыз, – деді министр Айдарбек Сапаров.
Ал Shandong Hi-Speed Qilu Eurasia Railway Express өкілдері екіжақты жобаларды дамытуға мүдделі екенін білдіріп, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу көлемін ұлғайтуға дайын екенін жеткізді.
– Шаньдун провинциясы – ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтыну мен қайта өңдеу бойынша Қытайдағы жетекші өңірлердің бірі. Біз шетелдік жобаларды, соның арасында Африка елдерінде іске асыру тәжірибесіне иеміз. Бұған дейінгі кездесулерде өнімді сатып алу, тасымалдау және өткізу тізбегін біріктіру жолдарын талқыладық. Ендігі мақсатымыз – импорт көлемін арттырып, болашақта Қазақстаннан 500 мың тонна өнім жеткізуге шығу, – деді компания өкілі.
Тараптар жақын арада жұмыс тобын құруға және оның құрамында логистика, кеден рәсімдері, өндірістік базаны дамыту, сонымен қатар жаңа келісімшарттарды дайындау бағыттарын үйлестіруге уағдаласқан.