Қазақстан Антикоры мен АҚШ Мемлекеттік департаменті активтерді қайтару мәселелерін талқылады

334

Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан Антикоры мен АҚШ Мемлекеттік департаменті активтерді қайтару мәселелерін талқылады Фото: Антикор

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Америка Құрама Штаттарындағы әріптестерімен жемқорлыққа қарсы күн тәртібі бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Inbusiness.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттік төрағасы Асхат Жұмағалидің АҚШ Мемлекеттік департаментінің Есірткімен халықаралық байланыстар және құқық қорғау органдары бюросының кеңесшісі, Азия аймағында бағдарламалар мен жобаларды енгізу саласындағы сарапшы Кайл Оджимамен кездесуі өтті.

Асхат Жұмағали Агенттіктің қызметі және жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етіп, сондай-ақ американдық тараптың жемқорлыққа қарсы жобаларды іске асыруда және ілгерілетуде көрсетіп отырған қолдауының маңыздылығын атап өтті.

"Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, қаржылық тергеу, активтерді қайтару, цифрлық қаржы активтерін, криптобиржаларды және басқа да цифрлық платформаларды пайдалана отырып жасалған жемқорлық қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу туралы уағдаласты", - делінген хабарламада.

Кайл Оджима серіктестік қатынастарды одан әрі дамытуға қызығушылық танытып, қол жеткізілген келісімдерді іске асыруда жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу соңында америкалық тарап Агенттік делегациясын Америка Құрама Штаттарында а.ж. желтоқсанында өтетін БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының мерейтойлық сессиясына қатысуға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу