Қазақстан Аралдың құрғаған табанында сексеуіл отырғызуды жалғастырады

262

Биыл Аралдың құрғаған жеріне 275 мың гектар сексеуіл отырғызылады. 

Қазақстан Аралдың құрғаған табанында сексеуіл отырғызуды жалғастырады Фото: old.kzvesti.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Арал теңізін құтқару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"1993 жылы Орталық Азия елдерін орнықты дамыту жөніндегі мемлекетаралық ұйымның құрылу себебі – Орталық Азияның, Арал өңірінің экологиялық жағдайын қалпына келтіру. Екіншіден, бұл мекеме әр мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін құрылған болатын. Осы жылдар ішінде ұйым тұрақтылығын, өзінің қажеттігін дәлелдеді. Ұйым аясында екі жылда көптеген іс-шара өткіздік. Өзбекстанмен бірігіп Аралдың құрғаған табанында сексеуіл отырғызу жобасын іске асырдық. Тәжікстанда қалдықтармен күресу жөніндегі үлкен аймақтық орталық құрылды", - деді ведомство басшысы елордада өткен халықаралық жиында. 

Министр енді комиссияға төрағалық ету Тәжікстанға тапсырылатынын жеткізді.

"Үлкен жобаның бірі – сексеуіл отырғызу. Өзбекстан 1 млн-нан астам сексеуіл отырғызды. Біз 900 мыңдай гектар алқапқа сексеуіл ектік. Биылғы жоспар – 275 мың гектар. Көктемде 65 мың гектар көшет отырғызамыз. Қалған гектарға күзде тұқым егеміз. Аймақтық деңгейде қаражат бөлініп жатыр. Бұл – Халықаралық Аралды құтқару ұйымының қарауындағы мекеме. Аралдың құрғаған табанында скважина қазып, сол жерге питомник (ред. – тәлімбақ) салу жұмыстары жүріп жатыр. Егер бұрын көшетті құнарлы жерде өсірсе, қазір теңіздің құрғаған табанында бейімделген көшетті өсіру үшін қыруар жұмыс жүргізілуде", - деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Айта кету керек, осыған дейін Астанада Орталық Азия елдерін орнықты дамыту жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының отырысы өткенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу