Қазақстан AREVA компаниясының акцияларын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр

990

Қазақстан AREVA компаниясының акцияларын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр

Қазақстан мен Франция арасында AREVA компаниясының акцияларын сатып алу бойынша келіссөздер жүріп жатыр, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Бұ туралы Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен мәлімдеді.

Айта кетейік, AREVA – атом энергетикасына құрылғылар шығарумен айналысатын франциялық ірі компания. Осы компания үлесін "Қазатомөнеркәсібі" сатып алғалы жатыр деген ақпаратты бұған дейін де айтқан едік. Алайда, Қазақстан тарапы келіссөздерге қатысты мардымды мәлімет бермей келеді.

"Қазіргі таңда AREVA-ның капиталын қайта құру жүріп жатыр. Сондықтан біз ұзақ мерзімге созылатын әріптестік құру үшін акционерлер іздейміз. Дәл қазір бұл жайлы көп ешнәрсе айта алмаймын. Өйткені бұл процес енді ғана басталды. AREVA-ның Қазақстан, Орта Азия аймағы үшін маңызды екенін атап өту керек. Көптеген келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазақстан қашан алады, қандай бөлігін алады деген сұрақтарға Қазақстанның билік орындары жауап бере алады. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Белгілі бір шешімге келген кезде хабарын айтатын боламын", – деді Францияның ҚР төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен.

AREVA-дан бөлек, елімізде француз капиталымен жұмыс істейтін 130-дан астам компания бар.

Сыртқы істер министрі орынбасары Роман Василенконың айтуынша, 2005 жылдан бері елімізге құйылған француз инвестициясының көлемі 13 млрд доллардан асты. Қазір француз компанияларымен мұнай өңдеу, машина жасау, инфрақұрылымдық нысандар және ғарыш саласында құны 1 млрд доллардан асатын бірлескен 7 инвестжоба бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Роман Василенко сонымен қатар Атырау-Марсель қалаларының арасында экономикалық ынтымақтастық орнап жатқанын хабарлады. Әріптестік мұнай өндірісі, туризм және білім беру сынды бағыттар бойынша өрбімек.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу