Карл Бушби 28 жыл бұрын бастаған дүниежүзілік жаяу саяхатын сәтті аяқтап, 50 мың шақырымды еңсерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2 қарашада оны Англияның Халл қаласында жұртшылық салтанатты түрде қарсы алған.
Қазір 57 жастағы Карл Бушби – Ұлыбритания армиясында қызмет еткен бұрынғы десантшы. Ол 1998 жылғы 1 қарашада Чилидің Пунта-Аренас қаласынан ерекше сапарға аттанған. Сол кезде оның жасы небәрі 29-да еді. "Голиаф экспедициясы" деп аталған бұл бастаманың шарты қатаң болатын. Саяхатшы межелі жерге жету үшін ешқандай көлік пайдаланбауы және экспедиция аяқталғанша үйіне қайтпауы керек болатын.
Бушбидің бағыты Оңтүстік Америкадан басталып, Солтүстік Америка арқылы жалғасты. 2006 жылы ол Аляскадан Беринг бұғазы арқылы Ресей аумағына өткен. Бұл кезең саяхаттың ең күрделі бөліктерінің бірі болды. Мұз құрсауындағы бұғазды кесіп өту кезінде кейбір аралықтарды жүзіп еңсеруге тура келген.
Ресейден кейін саяхатшы Азия елдерін басып өтіп, Еуропаға қарай бет алды. Оның бағыты Қазақстан арқылы да өтті. 2024 жылы Бушби елімізден Әзербайжанға жету үшін Каспий теңізін жүзіп өткен. Шамамен 288 шақырымды құрайтын теңіз жолын еңсеруге оған 31 күн қажет болған.
Ал биыл қазанда саяхатшы Франциядан Ұлыбританияға қарай Ла-Манш бұғазы арқылы жүзіп өтті. Осылайша, ұзақ экспедициясының соңғы кедергісін артқа тастап, туған қаласына оралуға мүмкіндік алды.
Карл Бушби бастапқыда дүниежүзілік саяхатын бес жылда аяқтауды көздеген. Десе де, жол бойындағы түрлі кедергі оның жоспарын бірнеше рет өзгертуге мәжбүр етті.
Мәселен, 2006 жылы Беринг бұғазы арқылы Ресейге өткен кезде "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген күдікпен ұсталған. Кейін визалық шектеулерге байланысты сапарын уақытша тоқтатуға тура келген.
Бұған қоса, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы кезінде саяхатшы демеушілерінен айырылды. Кейін коронавирус пандемиясы мен Ресейдің Украинаға басып кіруі де оның қозғалысына және жоспарланған бағытына кедергі келтірді.
Дегенмен Бушби сапарын біржола тоқтатуды ойламаған. Қандай да бір себеппен жолын жалғастыру мүмкін болмаған жағдайда, қолайлы уақыт туғанша күтіп, кейін экспедициясын тоқтаған жерінен қайта жалғастырып отырған. Сөйтіп, бастапқыда бес жылға есептелген сапар тұтас 28 жылға ұласты.
2 қарашада Халл қаласының жүздеген тұрғыны ұзақ сапардан оралған жерлесін қарсы алуға жиналды. Карл Бушбиді қала орталығында салтанатты түрде қарсы алғаннан кейін ол анасы Анджеланың үйіне дейін жаяу барған.
Саяхатшы анасын соңғы он жыл бойы көрмеген. Ал үйіне оралған сәтте ұлы Адаммен және 12 жастағы немересімен де жүздесті. Бір қызығы, Бушби осы уақытқа дейін немересін өмірінде бірде-бір рет көрмеген екен.
Саяхатшы 28 жылдық экспедициясының сәтті аяқталуына әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың қолдауы мен көмегі зор болғанын атап өтті. Оның сөзінше, осындай ұзақ әрі күрделі сапарды жалғыз адамның еңсеруі оңай емес.