Қазақстан арқылы өтетін ірі есірткі арнасы анықталды

712

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ірі халықаралық есірткі синдикатының заңсыз әрекетінің жолын кесуге бағытталған көп сатылы халықаралық операцияны ұйымдастырды, деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Қазақстан арқылы өтетін ірі есірткі арнасы анықталды

"Бұл қылмыстық топ Таяу Шығыс пен Азия азаматтарынан тұрды. Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, ақырғы баратын жері Нидерланд болған",- дейді ҰҚК-ден.

Осы топ әрекетінің ауқымды географиясын ескере отырып, ҰҚК Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырған.

"Операцияның табысты іске асырылуына Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті. Бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының басты қатысушылары анықталды. Нидерланд аумағында бақыланатын жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді",- деп жазылған хабарламада.

Амстердам қаласының құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтаған.

ҰҚК-ның дерегіне сүйенсек, жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны - 2 млн АҚШ доллары.

Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу