"ҚазТрансОйл" АҚ 2017 жылдың соңына дейін өзінің құбырлары арқылы Өзбекстан бағытына 80 мың тонна ресейлік мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл жайында аталған компанияның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Мұнай құбыры арқылы Шағыр мұнай құю эстакадасына дейін айдалатын болады. Сол жерде цистерналарға құйылып, теміржол арқылы Өзбекстанға дейін тасымалданады. Мұнайды жеткізу кестесіне сәйкес қарашада тасымалданатын көлем 30 мың тоннаны құрайды. 2017 жылдың соңына дейін аталған бағдар бойынша 80 мың тоннаға дейін шикізатты тасымалдау жоспарланып отыр", - деді "ҚазТрансОйл" АҚ бас директоры Димаш Досанов.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының үкіметі мен Өзбекстан Республикасының үкіметі арасындағы 2017 жылғы 16 қыркүйектегі бас келісіммен Ресейде шығарылған мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына, оның ішінде "ҚазТрансОйл" АҚ магистральдық құбырларымен "Шағыр" мұнай құю пунктіне дейін жеткізу құпталған болатын.
20 қарашадағы деректерге сәйкес "ҚазТрансОйл" магистральды мұнай құбыры жүйесіне 20,95 мың тонна мұнай қабылданып, "Шағыр" мұнай құю пунктінде теміржол цистерларына 13,3 мың тонна ресейлік мұнай құйылды.