Биыл Қазақстан аумағы арқылы ресейлік, түркімен және өзбек газын тасымалдау артады. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің сөзінше, елдің газ бойынша транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
"2023 жылы қазанда еліміз арқылы Ресей газын Өзбекстан Республикасына транзиттеу басталды. 2023 жылы 1,28 млрд м³ тасымалданса, биыл аталған көрсеткішті 3,8 млрд м³-ке дейін арттыру жоспарлануда, әрі қарай 11 млрд м³/жылына дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ, Түркіменстан мен Өзбекстан газын еліміз арқылы Қытай Халық Республикасына транзиттеу тұрақты өсіп келеді. Биыл транзитті 37,1 млрд м³-ге дейін арттыру жоспарланып отыр", - деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Бұдан бөлек ведомство басшысы Ресей газының Қырғызстанға транзитін арттыру мәселесі талқылану үстінде екенін айтты.