Қазақстан Арменияға жіберетін экспорт көлемін 350 млн долларға жеткізуге дайын

179

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. 

Қазақстан Арменияға жіберетін экспорт көлемін 350 млн долларға жеткізуге дайын Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Ереванға Қазақстан Президенті ретінде ресми сапармен алғаш рет келіп отырғанын атап өтіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін барша армян халқына алғыс айтты. Сондай-ақ еліміз Арменияның көне тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарайтынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияны Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті.

– Біздің қарым-қатынасымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты байланысты жандандыру – ортақ мақсатымыз. Біздің аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы мұратымыз – бір. Биыл екі ел арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде Астана мен Ереван арасында ұзақ мерзімге арналған өзара тиімді серіктестіктің берік негізі қаланды. Біз Армениямен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз. Сондықтан мен үшін бүгінгі сапардың мән-маңызы айрықша, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінгі келіссөздер екі елдің жоғары деңгейдегі ынтымақтастығын сақтауға мүдделі екенін дәлелдейді.

– Бүгін күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Біз нақты келісімдерге қол жеткіздік. Пашинян мырза бұл туралы жаңа ғана толығымен айтты. Әсіресе, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге ерекше назар аудардық. Екіжақты сауда-саттықтың көлемі соңғы бес жылда тұрақты өсіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін мол әлеует бар екеніне назар аударды

– Тауар айналымын ұлғайтуға серпін беретін жаңа бағыттарды іздестіру керек деген ортақ пікірге келдік. Экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту үшін нақты шаралар қабылдауымыз керек. Ол үшін қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет. Қазақстан Арменияға шығарылатын экспорт көлемін 350 миллион долларға жеткізуге дайын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, инновация, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жандандыру маңызды екенін айтып, армян тарапына бірқатар бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыруды ұсынды.

– Бұл, әсіресе, қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы бағыттағы жұмыс Үкіметаралық комиссияның жіті бақылауында болады. Бұған қоса бизнес-миссиялардың барыс-келісін жандандыра түсуіміз керек. Бұл қадам Іскерлік кеңестің тез арада құрылуына ықпал етеді, екі елдің бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейтеді. Сондай-ақ инвестициялық қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу