Қазақстан әскерилері ҰҚШҰ жаттығуларына қатысуда

444

Ұжымдық бітімгерлік күштері колонналар мен жүктерді алып жүру, елді мекенді босату секілді оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтайды.

Қазақстан әскерилері ҰҚШҰ жаттығуларына қатысуда Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қырғызстанның "Эдельвейс" полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық-2023" бірлескен оқу-жаттығуларының салтанатты ашылуы өтті деп хабарлайды Inbusiness.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан бітімгерлік күштерінің ұлттық контингенттері, ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының жедел топтары жұмылдырылған. Біздің елімізден оқу-жаттығуға Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері қатысуда.

Таулы жерлерде жүзеге асып жатқан оқу-жаттығулар ҰҚШҰ бітімгерлік бөлімшелері басқару органдарының лауазымды адамдары мен жеке құрамының практикалық дағдыларын жетілдіруге, Орталық Азия өңірінде ұжымдық қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларды жүргізу барысында олардың үйлесімділігін арттыруға бағытталған.

"Ұжымдық бітімгерлік күштері Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп, блок-бекеттер мен зардап шеккендерді қабылдау пункттерін ұйымдастыру іс-шараларын, колонналар мен жүктерді алып жүру, елді мекенді босату, кепілге алынғандарды құтқару және гуманитарлық көмек көрсету секілді оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтайды", – делінген хабарламада.

Оқу-жаттығудың ашылу күні қатысушылар үшін Қазақстан Қарулы күштері Әскери-тарихи мұражайының көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Онда Иван Панфиловтың басшылығымен құрылған әйгілі 8 атқыштар дивизиясына қатысты жәдігерлер, Ұлы Отан соғысы кезіндегі басқа да құжаттар мен заттар ұсынылды. Әскери қызметшілерге экскурсияны аты аңызға айналған қолбасшының немересі Алуа Байқадамованың өзі өткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу