Қазақстандық десантшылар Ұлыбританиядағы Уэльсте өткен беделді халықаралық "Кембрий патрулі" жарысында үшінші орынға ие болды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Екі апта сабақ бойы жалпы жағдайға кіріспе, қауіпсіздік шаралары, қару-жарақтың материалдық бөлігін үйрену, топография, тактикалық және медициналық дайындық сабақтары өтті.
Биылғы жылы жарысқа 38 елден 100-ден астам команда қатысып, оның ішінде 12 үздік команда финалдық сынға шықты.
Құрамында 8 жауынгері бар Қазақстан командасы жауынгерлік міндеттерді орындай отырып, ұзындығы 70 шақырымнан асатын бағытты еңсерді. Жауынгерлердің әрқайсысы 30 келіден астам жүк көтерді. 48 сағат ішінде әскери қызметшілер химиялық және биологиялық қауіп-қатер кезіндегі іс-қимылды, шабуылдау операцияларын және жету қиын жерлерде бағдарлаумен қоса, күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Әр 8-10 шақырым сайын қатысушылар жауынгерлік машық пен төзімділікті көрсетуді қажет ететін жаңа тапсырмаларға тап болды.
Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері барлық сынақтарды ойдағыдай орындап, жақсы дайындық пен кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетті. Жарыстың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша қазақстандық команда қола жүлдеге лайық деп танылды.
"Кембрий патрулі" – 60 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келе жатқан ең беделді және күрделі әскери жарыстардың бірі. Жыл сайын осы жарыс әлемнің түкпір-түкпірінен әскери барлау бөлімшелерінің басын қосады. Бұл жарыс әскери шеберліктің көрсеткіші және қазақстандық әскери қызметшілердің машығы мен жауынгерлік дайындық деңгейінің жоғары екенін растады.