Әскери бөлімдердегі бейнебақылау камераларын бақылап, сараптайтын жаңа қызмет түрі енгізілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің өкілі, полковник Тілеухан Басқожаев мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде бейнебақылау камераларын орнатумен шектелмей, қазір кезекші бөлімдерде қосымша лауазым енгізілді. Олар бейнебақылау камераларын сараптап, қарап отырады, яғни жағдайды бақылап, баяндайды, – деді Тілеухан Басқожаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әскери бөлімдердің 60-70 пайызында оператор лауазымы бар.
Бұған дейін хабарлағанымыздай әскердегі тәртіп бұзушылықтың 70-80% бейнебақылау камерасының көмегімен анықталады.
Айта кетейік, отандық әскерде өлім-жітім тоқтамай тұр, бір апта бұрын Сарыөзекте (Жетісу облысы) қатардағы жауынгер оқу-жаттығу кезінде мерт болды.
Сонымен қатар, брифинг барысында әскерде сарбаздардан ақша жинау мәселесі көтерілді.