Қазақстан Қарулы Күштері әскер түрлерінің, тектері мен барлық әскери бөлімдері мен құрамаларында, өңірлік қолбасшылығында жаңа оқу жылының басталуына орай жеке құрамның салтанатты сапқа тұруы өтті, деп хабарлайды ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сабақ қазақстандық әскердің өткен жылдағы жетістіктері мен қорытындысы, сонымен қатар жаңа тапсырмаларды айқындайтын мемлекеттік-құқықтық даярлықтан басталды. Жалпы 2020 жылдағы басым тапсырмалар әскерлерді жоғарғы жауынгерлік даярлыққа келтіруге, жеке құрамның жауынгерлік дайындығы мен далалық машығын жетілдіруге, бітімгерлік қызметті қамтамасыз етуге, сондай-ақ әскери қызметшінің мәртебесін арттыру мен әлеуметтік сұрақтардың түйінін табуға баса назар аударылады.
Жауынгерлік даярлық мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді және алдыңғы оқу кезеңінде қол жеткізілген жауынгерлік оқу нәтижелерін ескере отырып жоспарланған.
Айта кетейік, 2019 жылы қазақстандық әскердің жеке құрамы 109 жедел және 50 000-нан аса жауынгерлік даярлық шараларына жұмылдырылды. 3 700-ден астам жауынгерлік ату мен тактикалық оқу-жаттығулар өтті. Оның 1 500-і түнде жүргізілді.
Әскерде бір жыл көлемінде 60 000-нан астам әскер тектері мен арнайы әскери мамандар дайындалды. Армияны техникалық жабдықтау аясында 2019 жылы жауынгерлік дөңгелекті машина, ұшақсыз ұшу аппараты кешені, 400-ден аса автомобильді және арнайы техника алынды. Жоспарлы түрде күрделі жөндеу жұмыстары, броньді танкілік және зымыран-артиллериялық қару-жарақтарды жаңғырту жүргізілді. Жұмыстар көбіне қазақстандық кәсіпорындарымен жүзеге асырылды.