Қазақстан Астана халықаралық форумын өткізуден қандай пайда көріп отыр?

358

Ұлттық экономика министрі бұл халықаралық форумды өткізуге жұмсалатын қаражат көлемі 2019 жылдан бастап өзгермегенін жеткізді.

Қазақстан Астана халықаралық форумын өткізуден қандай пайда көріп отыр? Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай Астана халықаралық форумына қатысты мәселе көтерді, деп жазады inbusiness.kz.

"2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Астана халықаралық форумын ұйымдастыру үшін "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы 1,4 млрд теңгеге жуық шығыстар көзделген. Осы соманы ескере отырып бірқатар сұрағым бар. Біздің ел осы форумды өткізуде қандай экономикалық пайда көреді? "QazExpoCongress" ұлттық көрме орталығының тиімділігі қандай және коммерциаландыру шеңберінде ол өз-өзін қаншалықты ақтайды? Іс шараларды ұйымдастыру кезінде "QazExpoCongress" үшін қандай көрсеткіштер басымдыққа ие? Мысалы, пиар ма, ауқымдылығы ма?", - деді ол Мәжілістің кезекті отырысында.

Сұраққа жауап берген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Астана халықаралық форумын өткізуден оң нәтижелер бар екенін баса айтты.

"Оның біріншісі – инвестициялық ынтымақтастық. Бәріміз білеміз, бұл алаң өте тартымды орын болып кетті. Себебі АҚШ-тан, Еуропадан және Азиядан ірі компаниялар келіп жатыр. Мысалы, биыл өткен форумға АҚШ-тан 20 компаниядан тұратын ірі бизнес делегациясы келді. Екіншіден, жаһандық мәселелерді шешу және оны талқылау жатады. Мысалы, кедейлікпен күресу, сауда соғыстары және басқа да мәселелер. Бұл Астана халықаралық форумы шеңберінде ашық түрде талқыланып жатыр. Бұл біздің форумның ерекшелігі. Үшіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту, оның тікелей және жанама әсері бар. Мысалы, осы бөлінген қаражат тікелей компанияның өзіне кетеді. Сол себепті ол конкурс рәсімдерін өткізіп, басқа компанияларды тартып жатыр. Төртіншіден, Қазақстанды шетелге таныту", - деп жауап берді министр.

Ведомство басшысының сөзінше, бұл форумды ұйымдастырғанда CNN, BBC, Euronews сияқты халықаралық БАҚ тартылатын көрінеді.  

"QazExpoCongress" – бұрынғы "Экспо-2017" ұлттық компаниясының мұрасы. Осы компанияның негізгі бағыты – осындай көрмелерді және халықаралық деңгейдегі шараларды өткізу. Биылдан бастап бұл компания өзін-өзі қамтамасыз етеді, енді бюджеттен субсидия алынбайды. 1,4 млрд теңге осы форумға бөлінетін сомаға келетін болсақ, бұл 2019 жылдан бастап әлі өзгермеген. Дәл сол деңгейде тұр", - деп нақтылады Ұлттық экономика министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу