Қазақстан астығы скандинавиялық нарыққа шығуы мүмкін

215

Қазақстан мен Швеция агроөнеркәсіптік кешен саласындағы байланыстарды нығайтып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан астығы скандинавиялық нарыққа шығуы мүмкін Фото: vremyan.ru

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бастаған делегация ауыл шаруашылығы ғылымы, технологиялар, білім беру және сауда саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Швецияға жұмыс сапарымен барды.

Жұмыс бағдарламасы аясында Швеция ауыл шаруашылығы ғылымдары университетінің (SLU) және RISE зерттеу институтының басшылығымен кездесулер өтті.

"Қазақстан әлемдегі негізгі бидай экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіреді және ұн экспорты бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қазақстанның 24 млн гектардан астам егістік алқаптары, рекордтық өнімдері мен тасымалдауды субсидиялау бағдарламалары Еуропа нарығында бәсекелестік тұрғыдан артықшылықтарға ие. Біз ЕО-мен, соның ішінде Швециямен жүйелі сауданы дамытуға мүдделіміз", – деді Ербол Тасжүреков.

Вице-министр халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, тұрақты ауыл шаруашылығы тәжірибесін енгізу және "ақылды егіншілікті" дамыту үшін спутниктік мониторинг, ылғал өлшегіштер, дрондар мен пилотсыз техниканы қолданудың өзектілігіне назар аударды.

Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді, тағылымдамаларды, сондай-ақ цифрлық және биотехнологияларды енгізу мүмкіндіктерін талқылады. SLU мен ҚазАТУ арасындағы табысты серіктестікке ерекше көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде қазақстандық докторанттар Швецияда тағылымдамадан өтіп, осы елдің оқытушылары ғылыми тәлімгерлікке қатысуда.

Ал "Trade Scandinavia" компаниясының бас директоры Дан Олссонмен кездесу барысында Қазақстан астығын скандинавиялық нарыққа экспорттау туралы айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу