Қазақстан әуе компаниялары 2026 жылға дейін 9 жаңа ұшақ сатып алады

110

Бұл жолаушылар тасымалының сыйымдылығын арттыруға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға және рейстер жиілігін көбейтуге мүмкіндік береді.  

Қазақстан әуе компаниялары 2026 жылға дейін 9 жаңа ұшақ сатып алады Фото: Shutterstock

Қазақстандық әуе компаниялары 2026 жылдың соңына дейін 9 жаңа әуе кемесін сатып алып, елдің авиациялық паркін шамамен 118 ұшаққа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің алқа отырысында айтылды. Жиында министрліктің 2025 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды.

Ведомство мәліметінше, теміржол саласында "Дарбаза – Мақтаарал", "Мойынты – Қызылжар" желілерінің құрылысы жалғасып, "Алтынкөл – Жетіген" және "Бейнеу – Маңғыстау" учаскелерін жаңғырту аяқталады. Сонымен қатар "Бақты – Аягөз" жобасын іске асыру жалғастырылады. Вокзалдарды жаңғырту және жолаушылар мен жүк вагондары паркін жаңалау да жоспарланған.

Автожол саласында жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды қамтитын жол құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде "Қызылорда – Жезқазған" автожолы, "Орталық – Батыс" жобасының белсенді кезеңі, сондай-ақ "Қарағанды – Жезқазған", "Ақтөбе – Қызылорда" және "Бейнеу – Сексеуіл" бағыттары бар.

Мультимодальды тасымалды дамыту үшін Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымы жаңғыртылып, айлақтарды реконструкциялау мен түбін тереңдету жұмыстары аяқталмақ. Авиациялық инфрақұрылым аясында Астана мен Шымкентте екінші ұшу-қону жолақтарын салу, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалын және Ақтау әуежайының перронын реконструкциялау, Атырауда жаңа терминал салу көзделген. Сондай-ақ Павлодар әуеайлағын жаңғырту, Арқалық әуежайын қалпына келтіру және Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр көлік-логистика саласын одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу