2017 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшу саны 5,2 пайызға артып, 87688-ге жетті. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"2017 жылдың 9 айында Қазақстанның әуе кеңістігінде қызмет көрсетілген ұшулар саны 183877-ні құрады. Оның ішінде орындалған транзиттік ұшулар саны 87688-ге жетті. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 пайызға көп. Қазақстанның әуе кеңістігіндегі ұшулардың жалпы санының 50 пайыздан астамы - транзиттік", - дейді комитеттен.
Негізгі транзиттік ұшуларды Еуропадан, Ресейден Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдеріне әуе тасымалын орындайтын алыс шетелдердің және ТМД елдерінің әуе компаниялары жүзеге асырады.
Әуе компаниялары транзиттік ұшуларды орындау барысында түрлі бағдарды пайдаланады. Мәселен, кроссполярлы бағдар Парсы шығанағы елдері, Үндістан және Пәкістанның АҚШ, Канада бағытында орындалады. Ал бағдарлардың трансазиялық желісі Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан арқылы өтеді. Бағдарлардың оңтүстік тобы Қазақстанның оңтүстігіне қарай Түркия арқылы Кавказ маңы елдеріне, Иран мен Түрікменстанға жасалады.
"Қазақстан арқылы өтетін бағдарлардың трансазиялық желісі үлесіне Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік қозғалыстардың шамамен 30-40 пайызы тиесілі. Бұл тәулігіне орташа есеппен 300-350 әуе кемесін құрайды", - деп нақтылады комитеттен.
Қазақстанның әуе кеңістігін пайдаланып, тұрақты транзиттік ұшуларды жүзеге асыратын компаниялар мыналар: Uzbekistan Airways (аптасына 200-ге дейін ұшуларды орындайды), Turkish Airlines (130-ға дейін), "Аэрофлот" (130-ға дейін), "Уральские авиалинии" (110-ға дейін), Cathay Pacific (100), China Southern (100), "Сибирь" (100), Air India, KLM, Lufthansa, Thai Airways, Pakistan Airlines, British airways (аптасына 40-тан 80-ге дейін ұшулар орындайды).