Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында айтты.
Оның сөзінше, еліміздегі есірткі ахуалына үш негізгі фактор әсер етеді.
"Олар орталық Азия елдері, Қазақстан, Ресей, одан әрі Еуропа маршруты арқылы, яғни "Солтүстік бағыт" бойынша ауған героинінің трафигі. Одан кейін оңтүстік өңірлердегі каннабистің шикізат базасы: Шу алқабы және Қызылорда облысы. Үшінші ең қауіпті фактор – синтетиканың таралуы", – деді министр.
Тек былтыр құқық қорғау және арнайы органдар 3 мыңға жуық есірткі қылмысын анықтады (2700).
Оның 60%-ті – есірткіні сату (1,6 мың).
Төрт ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. 70 жасырын есірткі зертханасы жойылды.
Жалпы 16 тонна есірткі, оның ішінде:
- 5,7 тонна марихуана;
- 918 кг гашиш;
- 102 кг героин;
- 582 кг синтетика тәркіленді.
Күні кеше ғана Алматы облысында 13 тонна прекурсордың заңсыз айналымының жолы кесілді. Одан 2 тонна мефедрон жасауға болушы еді. Бұл - шамамен 4 млн доза.