Қазақстан Ауғанстанға 1,9 млн доллар болатын 155 тонна көлемінде азық-түлік және дәрі-дәрмек салынған гуманитарлық жүк жіберді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Министрліктің дерегінше, ведомство басшысы Ауғанстан астанасы Кабулға барған. Сапар барысында Бақыт Сұлтанов Ауғанстан премьер-министрінің орынбасары Абдулла Салам Ханафи, Сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки, Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизимен кездескен.
Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Ауғанстанға 5 мың тонна ұнды гуманитарлық көмек ретінде жібергенін айтты.
"Бүгін біз қосымша 1,5 тонна жүк (дәрі-дәрмек) әкелдік. Сондай-ақ 1,9 млн доллар болатын 155 тонна азық-түлік және дәрі-дәрмек салынған гуманитарлық жүк жіберілді. Жақында ол Ауғанстан аумағына өтеді", – деді Бақыт Сұлтанов.
Ол Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 20 мың тонна қазақстандық ұнды сатып алғанын айтты.
"Қазақстан көптеген халықаралық әріптес сияқты, ауғанаралық қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталды және елді жанжалдан кейінгі кезеңде қалпына келтіру уақыты келді деп үміттенеміз", – деді министр.
Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов Қазақстан билігі Ауғанстанның ішкі ісіне араласпайтынын атап өтті.
"Біз дәстүрлі түрде терроризм мен есірткі қылмысынан азат бейбіт, біртұтас, тәуелсіз және өркендеген Ауғанстанды қолдаймыз. Ауған халқы бейбітшілікті орнату және одан әрі даму үшін өз болашағын өзі анықтауға құқылы", – деді басшы.