Түркістан облысының шекарашылары Өзбекстанға 250 бас қойды заңсыз өткізбек болғандардың жолын кесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24kz телеарнасына сілтеме жасап.
Қойлардың сырғасын тексеру кезінде біразы Ақмола облысының қожалығына тиесілі болып шықты. Осыған байланысты қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғалар іздестіріліп жатыр.
Биыл қазақ-өзбек шекарасынан бір жарым мыңға жуық ірі қара мен ұсақ малдың аналығын тасымалдау дерегі тіркелді.
Шекарашылар заңбұзушылықтың көбеюін, көрші елдегі мал бағасының күрт қымбаттағанымен байланыстырып отыр. Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес елден төрт-түлікті шығаруға уақытша шектеу енгізілген.
"Бұйрық-талаптарды орындамау Қазақстан Республикасының аумағында малдардың жұқпалы ауруларының кең көлемде таралуы мүмкін екенін ескертеміз. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша ұсталған тұлғаларға қатысты тиісті заңды шаралар жүргізілуде", – деп мәлімдеді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің түркістан облыстық департаменті бөлімінің анықтаушысы Серік Ағабеков.