Министр Ербол Қарашөкеев "Ауыл шаруашылығы жануарларын ҚР аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрыққа қол қойды, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазақстан аумағынан үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 6 ай мерзімге 60 000 бас тірі ірі қара малды және 120 000 бас тірі қой мен ешкіні әкетуге квота енгізілсін", - делінген ведомство басшысы қол қойған бұйрықта.
Сонымен қатар, Қазақстан аумағынан бұқаларды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық мөлшері 500 бастан аспайды. Ал тауар өндіруші үшін 200 бастан көп болмауы тиіс. Еркек тоқтыларды әкетуге квота алуға үшін бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жалпы көлемі – 1 000, бір тауар өндіруші үшін 500 бастан аспауы қажет.
"Ал белгіленген сандық шектеуден асып кеткен жағдайда, жануарлар карантинге қойылады және құзырлы орган оларға ветеринариялық сертификат беруді бұғаттайды", - делінген хабарламада.
Құжатқа сәйкес, бұқаларды карантинге қою үшін лимит 60 мың бас. Оның ішінде:
- бордақылау алаңдары үшін – 30 000 бас;
- тауар өндірушілер үшін – 30 000 бас.
- Ал еркек тоқтыларды карантинге қою үшін лимит 120 мың бас. Оның ішінде:
- бордақылау алаңдары үшін – 30 000 бас;
- тауар өндірушілер үшін – 90 000 бас.