Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында еліміздің транзиттік әлеуеті туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Батыс пен Шығыс арасындағы жүк айналымы 216 млн тонна, ал Солтүстік – Оңтүстік бойынша 206 млн тоннаны құрайды. Бұндағы ақша айналымы 1 трлн доллардан асады. Аталған жүк көлемінің 93%-дан астамы су көлігімен, 4%-ы теміржолмен тасымалданады. Біздің негізгі жұмыстарымыз осы жүк айналымының белгілі бір бөлігін Қазақстан арқылы өтуін қамтамасыз ете отырып, елдің транзиттік әлеуетін толық игеруге бағытталған. Ол үшін ел аумағында 13 халықаралық дәліз жұмыс істеп тұр, оның бесеуі теміржол және сегізі автомобиль жолдарына тиесілі. Осы бағыттар арқылы былтыр 32 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды", – деді Марат Қарабаев.
Министрдің сөзінше, биылғы өсу қарқыны 6%-ды көрсетіп отыр.
"Біздің міндетіміз – 2030 жылға қарай тасымалдау көлемін 74 млн тоннаға жеткізіп, 2,3 есеге арттыру. Оның ішінде Қытай бағытындағы жүк ағымдарының соңғы 10 жылда 3 есеге ұлғайғанын атап өткен жөн. Аталған көрші елдің жалпы транзит құрылымындағы үлесі 2013 жылы 24% болса, қазір 40%-ға жетті", – деді ол.
Ведомство басшысы жүк жөнелтуші және қабылдаушы елдер тасымал бағыттарын барынша диверсификациялауға тырысып жатқанын жеткізді.
"Бұл өз кезегінде Қазақстан аумағынан тыс баламалы маршруттардың қалыптасуына әкеліп соғады. Сондықтан осындай тәуекелдерге әрқашан талдау жасап, отандық транзит дәліздерінің тартымдылығын арттыру қажет", – деп атап өтті Көлік министрі.