Қазақстан аумағында коронавирустың жаңа штамы "цербер" тіркелді

519

Серік Жұманғарин ел аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.  

Қазақстан аумағында коронавирустың жаңа штамы "цербер" тіркелді Фото: danmed.kz

30 қарашада Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Республикада қарашада қазан айымен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,6 есе өсті (аптасына 453-тен 725 жағдайға дейін). Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова атап өткендей, COVID-19-ға тестілеу саны азайды, себебі ауру жеңілдей бастады, көбі медициналық көмекке жүгінбейді.

Барлық өңірлерде инфекцияның репродуктивтілік көрсеткіші бірден артық, бұл - вирустың халық арасында белсенді айналымы мен таралуының белгісі.

Өңірлер бөлінісінде соңғы айда еліміздің 3 өңірінде – Алматы, Астана және Қарағанды облысында аурушаңдықтың апта сайын 2,2 есеге дейін өсуі байқалады. Сондай-ақ 5 өңірде (Ақмола, Атырау, Жамбыл, Ұлытау облыстары, Шымкент) соңғы аптадан бастап сырқаттану аптасына 3,5 есеге дейін біртіндеп өсіп келеді.

Соңғы секвенирлеу қорытындысы бойынша республикада Омикрон BQ.1.1 (Цербер) штаммы нұсқасының 0,5% айналымы анықталды, 99,5% – Омикрон штамының басқа нұсқалары.

Халықты коронавирусты инфекцияға қарсы вакцинациямен қамтамасыз ету мақсатында өңірлерге 12 жастан асқандарды вакцинациялау және ревакцинациялау үшін Pfizer вакцинасының 200 мың дозасы жеткізілді.

Отырыс қорытындысы бойынша облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне эпидемиологиялық жағдайды, әсіресе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, оның ішінде ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша шараларды бақылауда ұстау тапсырылды.

Ұжымдық иммунитетті сақтау үшін соңғы вакцинациядан кейін 6 ай аралықпен коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинация алу қажет, ол үшін республикада коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналар мөлшері жеткілікті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу