Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі ел аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған шетелдіктерге іздеу жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
- Дмитры Дружинскы, 1970 жылғы 27 маусымда туған, Америка Құрама Штаттарының азаматы
- Марина Левкович (Гинзбург), 1985 жылғы 8 қарашада туған, Украина азаматы.
Соттың санкциясымен аталған тұлғаларға қатысты сырттай "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Олар Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
Тергеу барысында "PIN-UP" және "PINCO" брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметін шетелден әрекет еткен, байланысы бар компаниялар желісі арқылы ұйымдастырған адамдар тобы басқарғаны анықталды.
Д.Дружинскы мен М.Левкович координаторлық функцияларды атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара әрекеттесумен, сондай-ақ ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз еткен төлем инфрақұрылымын құру және оның жұмыс істеуіне қатысқан.
Заңсыз қызметті бүркемелеу мақсатында "PIN-UP.KZ" брендімен букмекерлік қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алған "Бонами" ЖШС заңды тұлғасы құрылған.
Қаржылық сүйемелдеу үшін онлайн-казиноның төлем агрегаторлары функцияларын атқарған "Gold Pay" ЖШС және "Cyber Pay" ЖШС (кейіннен – "Pinnacle Financial Solutions" ЖШС) қоса алғанда, төлем ұйымдарының желісі тіркелді.
Онлайн-казино клиенттерінен түскен қаражат транзиттік шоттарда жинақталып, кейін электрондық ақша операцияларына лицензиясы бар байланысы компаниялар арқылы криптовалютаға айырбасталған.
"Егер іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігіне төмендегі телефондар арқылы хабарлауыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 – кезекші бөлім", – делінген хабарламада.