Жанболат Үсеновтың айтуынша, Индонезия визасыз режимді енгізу туралы шешім қабылдағанда өзара түсіністік қағидатын негізге алған.
"Бұған дейін Қазақстан Индонезия азаматтарына ел аумағына визасыз кіруге және 30 күнге дейін болуға мүмкіндік берген. Енді дәл осындай тәртіп екі ел азаматтарына да қолданылады", – деді Жанболат Үсенов.
Индонезияның талаптарына сәйкес, визасыз кіру тегін жүзеге асырылады және бір рет кіруге мүмкіндік береді. Елде болудың рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі – келген күннен бастап 30 күн.
Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қазаннан бастап Индонезияға шетелден келген барлық жолаушы All Indonesia бірыңғай электронды декларациясын толтыруы қажет. Декларация тегін рәсімделеді және оны елге келгенге дейін онлайн толтыруға болады.