Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда қашаннан бастап заңды түрде жұмыс істей алады?

651

ШҚО-да Көшпелі оқыту орталығын құру жұмыстары басталды.  

Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда қашаннан бастап заңды түрде жұмыс істей алады? Фото: pixabay.com

Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлер мұнда арнайы курстан өте алады. Бұл туралы Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігімен келіссөз жүргізіп жатыр. Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында EPS тестілеу орталығы құрылады деп жоспарланып отыр. Аталмыш мекеме тестілеу өткізуге арналған, қажетті техникалық-материалдық базасы, оқу аудиториялары бар, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тестілеу орталығы 500 орынға арналған компьютерлік құралдармен жабдықталған. Қазақстандықтарды оқытудан өткізу "Қонаев қаласының колледжі" коммуналдық-қазыналық кәсіпорын базасында жоспарланып отыр. Яғни Оңтүстік Кореяға бармас бұрын ең әуелі оқыту жүргізіледі, ол үшін колледжде тиісті құрал-жабдықтың, техникалық-материалдық базаның болу мәселесін пысықтадық. Бұдан басқа колледж аумағында бес қабатты жабдықталған тұрғынжай орналасқан. Мұнда білім алушылар тұратын болады", - деді Асқарбек Ертаев тілшілердің сауалына берген жауабында.

Келесі талаптың бірі – медициналық тексерістен өту.

"Бұл Алматы облысындағы Қонаев қаласының қалалық ауруханасында жүргізілетін болады. Штаб толық жасақталды. Біз өз ұсыныстарымызды Корея Республикасына жолдадық. Келесі аптада техникалық келіссөздер жүргізіледі. Біздің ұсыныстар Корея Республикасының уәкілетті органдарының бәрінде қарастырылып, содан кейін жалпы талқылауға жіберіледі. (...) Бір жыл ішінде бұл мәселе шешілуі керек деп ойлаймыз. Яғни, мерзім бойынша мұны корей тарапы шешеді. Мен нақты мерзімді айта алмаймын", - деп түсіндірді спикер.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бүгінде еңбек көші-қоны саласында 10 келісім қолданыста (ҚХР, Оңтүстік Корея, Вьетнам, ТМД елдері, Қырғызстан, Тәжікстан).

"Олар осы елдердегі қазақстандықтардың еңбек қызметі мәселелерін реттейді. Бұған қосымша біздің азаматтарымыздың шетелдегі еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету бөлігінде 8 жаңа үкіметаралық келісім әзірленді. Сондай-ақ, Қазақстанды Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне қосу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр", – деді Асқарбек Ертаев.

ШҚО-да Көшпелі оқыту орталығын құру жұмыстары басталды. Оның негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерді тілдік курстарда оқыту, корей тілін білуге тестілеу, біліктілігін арттыру. Бұл жобаны іске асыру біздің азаматтарымызға олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау кепілдігімен Оңтүстік Корея аумағында 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу