Өткен тәулікте 13 874 адамнан вирус анықталған. Айта кету керек, бұл пандемия басталғалы бір тәуліктегі рекордтық көрсеткіш. Індет жұқтыру тізімінің басында Бас қала тұр. Нұр-Сұлтанда 4 874 адамнан ПТР оң нәтиже көрсеткен. Елорданы өкшелей 2 669 жағдаймен Қарағанды облысы тұр. Үштікті Алматы қаласы түйіндеді. Онда 1 580 науқас тіркелген. Осылайша, жалпы ел бойынша ауырғандар саны 1 085 004 адамға жетті.
Эпидемиологиялық ахуал бойынша "жасыл" аймақта ешқандай өңір жоқ. "Сары" аймақта тек Түркістан облысы тұр. Қалған өңірлердің барлығы қызыл аймақта.
Ал елімізде Pfizer вакцинасы сатылымға шықпайтын болды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
Оның сөзіне сенсек, мұндай шешімді біздің Үкімет емес, өндіруші компания шығарған. Pfizer тек жүкті әйелдер мен балаларға ғана қолжетімді. Қазіргі таңда 400 мыңға жуық оқушы дәл осы вакцинаны салдырған.