Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қазақстандықтар үшін Шенген визасын алу тәртібін жеңілдету мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вице-министр бұл процесс екі кезеңнен тұратынын атап өтті.
"Бұл жерде әңгіме Қазақстан азаматтарын Шенген елдеріне барарда виза талаптарынан толық босату туралы болып отырған жоқ. Мәселе қазақстандықтардың Шенген визасын алу рәсімін жеңілдетуге қатысты. Бұл өте маңызды. Екінші кезең – реадмиссия туралы келісім. Бұл екеуі қатар жүретін екі құжат. Еуропалық тарап осы екі құжатты бір мезетте әзірлеуді жоспарлап отыр. Кейін оларды қатар ратификацияға ұсынуымыз керек. Осы жылдың екінші жартысында келіссөздер процесін толық аяқтауды көздеп отырмыз", – деді Әлібек Бақаев Мәжіліс кулуарында.
Осыдан кейін ғана процестің келесі кезеңі басталады.
"Біздің тараптан ратификация тек Парламентте өтеді. Ал Еуропалық одақта Еуропарламент пен одаққа мүше барлық мемлекеттер өз қорытындыларын беруі тиіс", – деп атап өтті Сыртқы істер министрінің орынбасары.