Қазақстан азаматтарын әлемнің 207 жоғары оқу орны қабылдайды

1018

"Болашақ" бағдарламасының тізіміне жаңа мемлекеттер қосылды. Студенттер әлемнің 27 елінде оқитын болды. 

Қазақстан азаматтарын әлемнің 207 жоғары оқу орны қабылдайды

Бұл туралы білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Абдуалиева хабарлады.

Айта кетейік, осыған дейін тізімде Австрия, Чехия, Ирландия және Оңтүстік Африка елдері және Гонконг қаласы болған жоқ. 

Мөлдір Абдуалиеваның айтуынша, "Болашақ" бағдарламасымен білім алуға 4 мамыр күні басталған өтінім қабылдау шарасы 27 - қазанға дейін жалғасады. 
Бүгінгі таңда қазақстандықтардан 158 өтініш келіп түскен. 

"Пандемияға қарамастан, халықаралық бағдарламалар орталығы қазақстандықтар білім алатын шетелдік жоғары оқу орындарының санын ұлғайтты. Өткен жылы олардың саны 138 болса, 2021-2023 жылдары әлемнің 207 жоғары оқу орны Қазақстан азаматтарын оқуға қабылдауға дайын", – деді баспасөз қызметінің жетекшісі.

Оның сөзінше, жоғары оқу орындарын іріктеу талабы күшейтілді. 

"Шетелдің жоғары оқу орындары 3 халықаралық академиялық рейтингке кіруге тиіс. Стипендия тағайындау жүйесіне де өзгеріс енгізіліп жатыр. Маусым айында – 90, тамызда – 170, қарашада – 125 стипендия тағайындалады. 

2021 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия қарастырылды. Оның 555-і магистратура, резидентура, докторантура және тағлымдама бағдарламалары бойынша бөлінді. Қалған 500 стипендияны отандық ғалымдар алады", – деді Мөлдір Абдуалиева.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу