ҚР Ішкі істер министрлігінің интерполы еліміздің азаматын еңбек құлдығына түсуден сақтап қалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстан азаматшасы еңбек құлдығына тартылу қаупіне тап болған. Бұл оқиғаға жедел ден қойған Қазақстан ІІМ Интерполы Камбоджадағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросына және Интерпол Бас хатшылығының адам саудасына қарсы күрес тобына ресми сұраныстар жолдады.
Шетелдік әріптестермен үйлесімді әрекет пен жедел байланыс нәтижесінде қыз дер кезінде құтқарылып, аман-есен елге қайтарылды.
Қазіргі уақытта қазақстандық аруды шетелге жұмысқа орналастыру ұсынысымен алдап, заңсыз еңбекке тартуға әрекеттенген адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Бұл оқиға адам саудасымен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетті.
Сондай-ақ Қазақстан Интерполдың адам саудасына қарсы "Либертерра II" операциясына қосылды. Аталған операция барысында Лаос еліне жұмысқа тұру мақсатымен барып, бірақ еркінен тыс ұсталған тағы бір қазақстандық қыз құтқарылып, елге қайтарылды. Шетелдегі қазақстандықтарды қорғау жұмысы жалғасуда және бұл мәселе ІІМ-нің ерекше бақылауында.
Полиция еңбек құлдығы шетелдегі жұмыс туралы "тартымды" ұсыныстардан басталатынын ескертеді.
"Әрдайым жұмыс беруші туралы ақпаратты тексеріп алыңыз, ресми дереккөздерден ақпарат жинаңыз", – деп ескертеді ІІМ.