Қырғызстанда синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қазақстан Республикасының азаматы ұсталған. Күдіктіден 5 килограмм "альфа-PVP" синтетикалық есірткісі табылып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 282-бабы – "Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың баламаларын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Қазіргі уақытта Қазақстан азаматы Қырғыз Республикасы ҰҚМК-нің тергеу изоляторында қамауда отыр. Есірткі тасымалын ұйымдастырушыларды анықтауға бағытталған қосымша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ведомство.
Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес, психотроптық заттарды және олардың баламаларын заңсыз өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу үшін мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.