Қазақстан-Әзербайжан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ

431

ҚР ИИДМ министрі Марат Қарабаев іссапармен Әзірбайжанға барды.

Қазақстан-Әзербайжан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ Фото: gov.kz

Аталған сапарда ҚР ИИДМ басшысы бауырлас мемлекеттің көлік инфрақұрылымы жүйесімен танысып, Азербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл орайда Марат Қарабаев Қап тауы өңіріне құрамында ТХКБ халықаралық қауымдастығының, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ, Ақтау және Құрық теңіз порттарының, республиканың ірі өнеркәсіп, өндіруші және көлік-логистикалық компанияларының өкілдерінен тұратын қазақстандық делегацияны бастап барды.

Елімізден барған жұмыс тобы Баку халықаралық сауда портына, кеме жасау зауытына, Апшерон логистикалық орталығына, Говсан портына мен Баш-Алят стансасына аялдады. Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бакудегі теміржол вокзалына барып, швейцариялық Stadler компаниясы өндіретін жолаушылар вагондарын бағамдап шықты.

Сондай-ақ М.Қарабаев Әзірбайжанның Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәбиевпен кездесті. Тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады.

ҚР ИИДМ басшысы екі елдің Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы жетістіктеріне тоқталды. Сонымен бірге ол транзиттік әлеуетті кеңейту Каспидің маңындағы мемлекеттердің достық байланысын нығайтудағы басым міндеттердің бірі екенін жеткізді.

Келіссөздер барысында ведомство басшысы әзербайжандық әріптесіне Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жаңартылған Жол картасының жобасымен таныстырды. Аталған құжатқа ТХКБ қатысушы мемлекеттері қол қояды деп көзделген.

"Құжат маусым айындағы кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзірбайжанның Үкімет басшыларының тапсырмасы аясында әзірленді. Онда Еуропа – Орталық Азия көлік байланысы туралы ЕҚДБ-ның сараптамалық есебінде көрсетілген тасымалдарды кешенді дамыту  ұсыныстар ескерілді", деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Кездесудің соңында М.Қарабаев түбі бір бауырлас елдердің өзара тиімді ынтымақтастығы нығая түсетініне сенім білдіріп, әріптесін Астанада өтетін 26-шы TransLogistica Kazakhstan-2023 халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу