Астанада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Әзербайжанның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп жазады Inbusiness.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
“2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының көлемі шамамен 500 млн долларды құрады. Болашақта бұл көрсеткіш 1 млрд долларға дейін жетуі мүмкін”, - делінген хабарламада.
Орталық Азия, Кавказ және Түркия арқылы Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өзектілігі артып жатыр. Ақпаратқа сәйкес, ТХКБ шеңберінде жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2 есе өскен. Осы бағыт арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдаудың оң динамикасы атап өтілді.
“Министрдің айтуынша, Қазақстан Әзірбайжанға 100-ден астам тауар позициясы бойынша 300 млн долларға жуық шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға дайын. Ағалар Атамоғланов мырза атап өткендей, Әзірбайжан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті. Тараптар Қазақстан мен Әзірбайжанның көпжақты форматтағы, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара іс-қимылының перспективаларын қарастырды. Осылайша, екі ел Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы келісімді бірінші болып ратификациялады”, - деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ, алдағы СПЕКА (БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы) форумына дайындық мәселелері талқыланды. Іс-шара биыл қараша айында Баку қаласында өтеді.