Сұхбат барысында тараптар Азия кеңесіне Қазақстан төрағалық ететін 2021-22 жылдардағы басымдықтар жайында пікір алмасты. Президент қазіргідей тәуекелі мен сын-қатері өршіген аумалы-төкпелі заманда Кеңестің аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін арттыру мен оның институционалдық даму мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ Азия кеңесін басқа да көпжақты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға шақырды.
Өз кезегінде Атқарушы директор Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құрылған уақыттан бері беделді де белсенді ұйым ретінде қалыптасқанын атап өтті. Сонымен қатар Кеңеске мүше елдердің Душанбе саммитінде қабылданған Декларациясына сәйкес қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қайрат Сарыбай АӨСШК аясында алдағы уақытта жоспарланған іс-шаралар, атап айтқанда, 2022 жылы Қазақстанда өтетін Азия кеңесінің VI саммитіне дайындық мәселелері туралы ой бөлісті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан Азия кеңесінің жұмысына жаңа серпін беруге өз үлесін қосуға дайын екенін қуаттап, мүше мемлекеттер мен хатшылықтың алдында тұрған ортақ мақсаттарды іске асыруға бағытталған күш-жігерін толық қолдайтынын мәлімдеді.