Биылғы жеңімпаз Қызылорда облысы атынан сынға түскен Мақсат Исағабылов болды.
Екінші орынды Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы) иеленді.
Ал үшінші орынға таласта Ғалымжан Қырықбай (Жамбыл облысы) шаппай бәйге алды. Қарсыласы шымкенттік Нұрсәт Темірхан алдыңғы жекпе-жекте жарақат алып, кілемге көтеріле алмаған.
Турнир жеңімпазына 25 миллион теңге ақшалай сыйлық, алтын белбеу және алтыннан құйылған "тайтұяқ" тағайындалған. Ал екінші орын иегеріне – 5,5 миллион теңге мен күміс белбеу, қола жүлдегеріне – 1,8 миллион теңге мен қола белбеу.
Турнир "Барыс-арена" мұз сарайында болды. Барлығы 36 балуан сынға түсті.
Айта кетейік, былтыр финалда Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының балуаны кездесіп, бабы мен бағы тең түскен Дәурен Нұралинов (ШҚО) – "Қазақстан Барысы" атанған. Ғалымжан Қырықбай күміс белбеуге ие болған.