Кездесуде аймақ басшысы балуандарға жеңісі үшін алғыс білдірді.
Олардың жеңістері тек спорттық жетістік ғана емес, жастарды қиындықты жеңе білуге шабыттандыратын лайықты үлгі екенін атап өтті.
Спортты дамытуға және ұлттық күресті насихаттауға қосқан үлесі үшін демеушілер атынан қос спортшыға темір тұлпар табысталды. Ал Ерасыл Қажыбаевқа үш бөлмелі пәтердің сертификаты берілді.
"Мен бұл турнирге алтыншы рет қатысып отырмын. Көп дайындалдық, жеңісті Абай облысына алып келу үлкен мәртебе. Жеңісімді туған жеріме, жерлестеріме арнаймын. Алдағы жылғы жарысқа да тыңғылықты дайындаламын", – деді Ерасыл Қажыбаев.
Биылғы турнирға Қазақстанның барлық өңірлерінен 42 үздік балуан қатысты. Қатысушылар қатарында былтырғы чемпион және "Әскер барысының жеңімпазы да болды.
Қазақстандық жанкүйерлерге самбо, дзюдо күресімен танымал Ерасыл Қажыбаев халықаралық аренада айтарлықтай жетістіктерге жеткен.
Оның қоржынында дзюдодан кадеттер мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаттарындағы жүлделі орындар, Джакартадағы 2018 жылғы Азия ойындарындағы командалық жарыстардың күміс медалі, сондай-ақ 2017 жылы самбодан Азия чемпионы және 2016 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегері сынды атақтары бар.
Турнирдің қола жүлдегері, "Болатшы" лақап атымен өнер көрсеткен Саят Шәмшиев те білекті балуан. Саят – Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан Қазақстан чемпионы және самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері.